TATA COMMUNICATIONS (NETHERLANDS) B.V. | WiFi хот-спотының қызмет көрсету шарттары

Төмендегі шарттар және Рұқсат етілген пайдалану саясаты, Құпиялылық саясаты және төменде берілген Желіні басқару саясаты, бәрі бірге (“Шарттар”) Luna Arena, Herikerbergweg 238, 1101 CM Amsterdam, Нидерланд мекенжайында тіркелген Tata Communications (Netherlands) B.V. компаниясының және/немесе оның филиалдарының немесе Tata Communications компаниясымен келісімшарт жасасқан үшінші тараптық жеткізушілерінің (“Tata Communications”, “TC” немесе “біз”, “бізге” немесе “біздің”) тіркелген пайдаланушыға (“сіз” немесе “сіздің”) Интернет қызметіне (“Қызмет”) сымсыз қатынасу мүмкіндігін қамтамасыз етуі үшін қолданылатын шарттар мен талаптарды құрайды. Осы Шарттар қызметті пайдалануыңызды барлық уақытта реттейді.

  1. ҚЫЗМЕТ
    1. Бұл қызмет жабдығыңыз бен үшінші тарап қамтамасыз ететін интернетке қатынасу қызметтері арасында байланысты қамтамасыз етеді. Біз сізге Қызметті ғана ұсынамыз және байланысқа қатынасу үшін қолданылатын құрылғы мен негізгі интерфейсті ұсынбаймыз. Қызметті пайдалану арқылы сіз Шарттармен келісесіз. Егер Шарттарды орындағыңыз келмесе, Қызметті пайдалануды тоқтатуыңыз керек.
    2. Қызмет автокөлік жабдығынан қоғамдық интернетке қатынасуға мүмкіндік береді. Біз автокөлік жабдығын қамтамасыз етпейміз.
  2. ҚЫЗМЕТТІ ПАЙДАЛАНУ
    1. Қызметті пайдалану үшін шынайы және дұрыс ақпаратпен тіркелуіңіз қажет. Қызметке қатынасқан кезде интернет қызметі жеткізушісінің барлық ережелері мен талаптарын сақтауға тиістісіз. Рұқсат етілген пайдалану саясатында рұқсат етілген және осында сипатталған жағдайлардан басқа кездерде жүйеге кіру деректеріңізді ешкіммен бөліспейсіз. Рұқсат етілген пайдалану саясатын https://www.tatacommunications.com/policies/acceptable-use/ мекенжайында табуға болады және ол кез келген уақытта өзгертілуі мүмкін. Төменде көрсетілген жағдайларды қоспағанда, өзгертілген шарттар автоматты түрде Қызметке және клиенттің үздіксіз пайдалануына қолданылады.
    2. Қызмет Қызметті пайдалануыңызға әсер ететін белгілі бір өнімділік шектеулеріне ұшырауы мүмкін. Желі тәжірибелерін, өнімділік сипаттарын және осы кеңжолақты интернетке Wi-Fi арқылы қатынасу қызметіне қолданылатын коммерциялық шарттарды мына сілтемеде табуыңызға болады.
    3. Біз сізге ешбір жабдықты қамтамасыз етпейміз. Біз сіздің Қызметті пайдалануыңызға кедергі жасауы мүмкін болған жабдығыңызға қатысты мәселелерге жауапты емеспіз. Егер сізге берілген қандай да бір жабдық болса, ол үшінші тараптан («Құрылғы жеткізушісі») болады және Құрылғы жеткізушісінің жауапкершілігі болып табылады.
    4. Қызмет кейде ішінара немесе толықтай қолжетімді болмауы мүмкін. Сізге Қызметтің қолжетімділігі туралы хабарландыру жіберуге міндетті болмаймыз және қызметтің қандай да бір үзілуіне жауапты емеспіз.
    5. Қызмет белгілі бір веб-сайттарды бұғаттайтын мазмұн сүзгілерінен өтуі мүмкін. Қолданыстағы заңға сәйкес құрылғының сүзгілері қажет болуы және сіздің орналасқан орныңызға қарай әртүрлі болуы мүмкін.
    6. Қызметті тек заңды мақсаттарда пайдалануға болады. Қызметті қолданыстағы қандай да бір ұлттық немесе халықаралық заңдарды не ережелерді бұзатын түрде, қандай да бір заңсыз әрекетті ынталандыру, оған қатысу немесе туындату үшін не өзге тұлғаның құқықтарын бұзатын түрде пайдалануға не болмаса өзге тұлғалардың олай пайдалануына жол беруге болмайды. Қолданыстағы қандай да бір заңды немесе ережені бұзатын материалды, соның ішінде, бірақ бұлармен шектелмей, авторлық құқықпен, сауда белгісімен, сауда құпиясымен немесе өзге зияткерлік жеке меншік құқығымен қорғалған және рұқсатсыз пайдаланылған қандай да бір материалды немесе орынсыз, заңсыз, даттаушы, бопсалаушы болып табылатын немесе экпортты басқару заңдарын бұзатын қандай да бір материалды тасымалдамайсыз немесе таратпайсыз. Егер бізге Қызметті теріс пайдаланғаныңыз белгілі болса, Қызметке қатынасуыңызды шектеу немесе тоқтату құқығымыз бар. Сіз Қызметтегі тіркелгіңізде орын алатын барлық іс-әрекеттерге жауапты боласыз.
    7. Белгілі бір веб-сайттарды сүзгіден өткізсек те, қорлаушы, қалаусыз, орынсыз, қорқытушы немесе зиянды деп табатын қандай да бір контентке кезігуіңіз мүмкін. Біз Қызметті пайдалану арқылы қолжетімді болатын контентті бақыламаймыз және Қызметті пайдалану барысында өзіңіз кірген веб-сайттарды бақылау сіздің жауапкершілігіңіз болып табылады.
    8. Егер белгілі бір мерзім бойы деректеріңіздің қолданысы орнатылған қолданыс шегінен асып кетсе, интернет қызметтерін қамтамасыз ететін үшінші тараптық жеткізушілер кез келген уақытта және жерде сіздің деректеріңіздің тасымалдану жылдамдықтарын төмендетуі мүмкін. Егер заңға сәйкес талап етілсе, сізге Қызметтеріңізді орнатылған қолданыс шегі немесе қолданыс шегінің өзгеруі туралы тиісті әдістер арқылы алдын ала хабарландыру жібереміз. Интернетке қатынасу қызметтерін қамтамасыз ететін үшінші тараптық жеткізушілер деректеріңіздің берілу жылдамдығын хабарландырусыз төмендетуі мүмкін. Бұл жағдайда, мұндай шектеу туралы сізге хабарландыру жіберуге жауапты болмаймыз.
    9. Біз Қызмет арқылы алынған қандай да бір ақпараттың нақтылығына, толықтығына немесе уақыттылығына жауап бермейміз, сондай-ақ, қандай да бір үшінші тарап жеткізген тауарларға немесе қызметтерге, тіпті ол тауарлар немесе қызметтер Қызмет арқылы алынған болса да, біз жауапты болмаймыз.
    10. Өзіңіз тіркелген азаматтық орныңыздан тыс жерлерде Қызметтің кеңінен пайдаланылуы қосымша шектеулерге, соның ішінде қолжетімділіктің шектелуіне немесе мүлдем болмауына ұшырауы мүмкін.
    11. Қызметті пайдалануыңыз Қызметті пайдалану арқылы қол жеткізуге болатын біздің зияткерлік жеке меншік құқықтарымыз немесе үшінші тараптардың зияткерлік жеке меншік құқықтары бойынша сізге ешбір құқық бермейді.
    12. Егер Қызметті пайдалану арқылы қол жеткізуге болатын қандай да бір контенттің авторлық құқық иесі сізге өз рұқсатын бермеген болса, ол контентті көшіруіңізге, қайта шығаруыңызға, қайта жариялауыңызға, жүктеп алуыңызға, жолдауыңызға, трансляциялауыңызға, жазуыңызға, тасымалдауыңызға, коммерциялық мақсатта пайдалануыңызға, өңдеуіңізге, қоғамға беруіңізге немесе қандай да бір басқа жолмен таратуыңызға болмайды.
    13. Қызметке қатынасу рұқсатыңызды ешкіммен бөліспейсіз. Егер олай жасасаңыз, олар Қызметті пайдалану барысында Шарттарды бұзған жағдайда, сіз жауапты боласыз.
    14. Біздің Құпиялылық саясатымыз сіздің жеке ақпаратыңызды қалай жинайтынымызды, қолданатынымызды және қорғайтынымызды түсіндіреді.
  3. СІЗДІҢ МІНДЕТТЕРІҢІЗ
    1. Сіз Қызметті келесідей пайдаланбайтыныңызға келісесіз:
      1. Рұқсат етілген пайдалану саясатына қайшы келетін түрде;
      2. қандай да бір заңсыз мақсатта;
      3. өзге тұлғалардың құқықтарын, соның ішінде, бірақ бұнымен шектелмей, авторлық құқықты бұзатын түрде;
      4. қорлаушы, балағаттаушы, тәрбиесіз, кемсітуші, орынсыз немесе бопсалаушы болып табылатын қандай да бір материалды жіберу, біле тұра алу, жүктеп салу, жүктеп алу немесе пайдалану
      5. біздің қауіпсіздігімізге немесе Қызметтің өзге пайдаланушыларының қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін болған қандай да бір жолмен; немесе
      6. қызметті үзетін, зақымдайтын, бұзатын немесе тиімділігін азайтатын қандай да бір жолмен.
    2. Сондай-ақ, келесілерге келісесіз:
      1. Қызметке тек Құрылғы жеткізушісі тарапынан қамтамасыз етілген интерфейс арқылы қатынасуға және Қызметке қатынасу үшін үйлесімді және заңды жабдықты пайдалануға; және
      2. деректеріңіз бен жабдықтың Қызметтегі ақаулықтардан, қателерден, кешігулерден немесе үзілулерден туындайтын зақымнан немесе жоғалудан қорғалуын, сондай-ақ вирустардан, трояндардан, зиянкес бағдарламалардан немесе өзге қатерлерден қорғалуын қамтамасыз етуге.
  4. АҚПАРАТЫҢЫЗДЫҢ ҚОРҒАЛУЫ
    1. Біз деректеріңіздің (яғни, құрылғыңыздағы деректердің немесе сіз интернетте тасымалдаған не қатынасқан деректердің) қауіпсіздігіне кепілдік бермейміз. Ешбір іс-шара сіздің деректеріңіздің қауіпсіздігіне кепілдік бере алмайтынын ескеріңіз және біз қабылданған іс-шаралардың жеткілікті болатынына кепілдік бермейміз. Сіз орналасқан орында деректерді шифрлау мүмкіндігі қолжетімді болуы да, болмауы да мүмкін.
    2. Түптеп келгенде, деректеріңіздің қауіпсіздігі сіздің жауапкершілігіңіз болып табылады. Құпия ақпаратыңыздың қауіпсіз түрде сақталуы мақсатында Қызметке қатынасу үшін пайдаланатын құрылғыда тиісті антивирустық бағдарламалық жасақтаманы орнатуды ұсынамыз. Біз құрылғыңыздағы немесе Қызметті пайдалану арқылы интернетте тасымалдайтын не қатынасатын қандай да бір ақпараттың жоғалуына немесе ашылуына жауапты болмаймыз.
  5. КЕЛІСІМ МЕРЗІМІ ЖӘНЕ ОНЫ ҰЗАРТУ
    1. Бұл келісімнің мерзімі сіздің қызметіңіз белсендірілген күні басталады да, кемінде он екі (12) ай жалғасады («Қызметті жеткізу мерзімі»). Сіз Қызметтердің ақысын Қызметті жеткізу мерзімінің басында алдын ала төлейсіз.
    2. Әр Қызметті жеткізу мерзімінің соңында төмендегі 5.3-бөліміне сәйкес бұл келісімді бір (1) жылды құрайтын келесі мерзімге ұзартуыңызға болады және жаңа Қызметті жеткізу мерзімі сол кезде басталады.
    3. Егер қызметтеріңіздің мерзімі ұзартылмаса, сіздің қызметіңіз келісілген мерзімнің соңында тоқтатылуы мүмкін. Келісімнің тоқтатылуы байланыс мүмкіндігіне тәуелді болған барлық қызметтердің қолданылуына кедергі болуы мүмкін.
    4. Егер қызметтер ай сайынғы негізде қамтамасыз етілсе, қызметті тоқтату үшін келесі айдың Қызметті жеткізу мерзімінің басталуынан кемінде отыз (30) күн бұрын жазбаша хабарландыру жіберуіңіз керек. Егер Келісіміңізде Қызметті жеткізу мерзімі болмаса, ол ай сайынғы Келісім болып саналады.
    5. Егер қызметіңіздің мерзімі ұзартылмаса, сізге хабарландыру жіберілместен, Қызметтер кідіртілуі немесе өшірілуі мүмкін.
  6. ЖАУАПКЕРШІЛІК ШЕКТЕУІ
    1. Өмірге, денсаулыққа немесе мүлікке зиян келтіру жағдайы мен қолданыстағы заңмен алдын ала қарастырылған өзге жағдайлардан басқа, қандай да бір тікелей қаржылық шығынды, табыстың, түсімнің, уақыттың, күтілген жинақтық қордың немесе табыстың не түсімнің, мүмкіндіктің, деректердің, қолданыстың, бизнестің жоғалуын, жұмсалған шығынды, бизнестің үзілуін, құпия ақпараттың ашылуынан туындаған шығынды, Қызметті пайдаланудан не оған байланысты немесе Қызметті пайдалана алмаудан не оған қатынаса алмаудан туындайтын шығынды немесе Қызметтің барлық не қандай да бір бөліктерінің ақаулануын, кідіртілуін немесе қайтарылып алынуын немесе физикалық мүлікке тиген зақымды немесе орын алуы мүмкін болған қандай да бір басқа ұқсас тікелей шығынды (біз немқұрайлы болсақ та немесе болмасақ та) өтеуге жауапты болмаймыз.
    2. Егер заң бойынша тыйым салынбаса, келесідей жауапкершілік шектеулері жүзеге асырылады. Сіздің Қызметтеріңіз әртүрлі себептерден, соның ішінде қоршаған орта шарттарына, жиілік ресурстың қолжетімсіздігіне, негізгі жеткізушіміздің қызметті үзуіне, жүйенің артық жүктелуіне, апаттық жағдайларға немесе желінің істен шығуына байланысты үзілуі, кешігуі немесе өзгеше түрде шектелуі мүмкін. Желінің қолжетімділігі және оған қатынасу мүмкіндігі шектелуі мүмкін. Сіз орналасқан орында белгілі бір веб-сайттарға немесе үшінші тарап қызметтеріне қатынасу мүмкіндігі қолжетімді болмауы мүмкін.
    3. Қосымша жабдық, бағдарламалық жасақтама, жазылым, үйлесімді компьютеріңізден интернетке қатынасу мүмкіндігі және/немесе арнайы желі байланысы қажет болуы мүмкін және барлық осындай талаптарды орындауға немесе алуға тек өзіңіз жауапты боласыз. Кейбір шешімдер үшінші тараптың қолданыстағы шарттарымен және талаптарымен реттелетін үшінші тарап өнімдерін және/немесе қызметтерін қажет етуі және үшінші тараптық жеткізушіден бөлек сатып алуды және/немесе онымен бөлек келісім жасасуды қажет етуі мүмкін. Tata Communications сіз өзіңіз жауапты болған алдыңғы жабдықтан, бағдарламалық жасақтамадан немесе өзге элементтерден/талаптардан туындаған салдарлық залалдардың ешбіріне жауапты болмайды.
    4. БІЗ СІЗГЕ ҚЫЗМЕТТЕРДІҢ ҮЗДІКСІЗ ЖҰМЫСЫН НЕМЕСЕ ҚАМТУ АЯСЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУГЕ КЕПІЛДІК БЕРМЕЙМІЗ. БІЗ ҚАНДАЙ ДА БІР ЖОСПАРҒА, ДЕРЕК ҚЫЗМЕТТЕРІНЕ, БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ЖАСАҚТАМАҒА НЕМЕСЕ ТАУАРЛАРҒА ҚАТЫСТЫ ТАУАР САПАСЫНА НЕМЕСЕ БЕЛГІЛІ БІР МАҚСАТҚА СӘЙКЕС КЕЛЕТІНДІГІНЕ, ҮЙЛЕСІМДІЛІГІНЕ, НАҚТЫЛЫҒЫНА, ҚАУІПСІЗДІГІНЕ НЕМЕСЕ ӨНІМДІЛІГІНЕ АШЫҚ НЕ ТҰСПАЛДЫ ТҮРДЕ ЕШҚАНДАЙ КЕПІЛДІК БЕРМЕЙМІЗ ЖӘНЕ ӨЗ НЕМҚҰРАЙЛЫҒЫМЫЗДАН БОЛСА ДА НЕМЕСЕ БОЛМАСА ДА, ЕШБІР ЖАҒДАЙДА келесілерге ЖАУАПТЫ БОЛМАЙМЫЗ:
      1. үшінші тараптың қандай да бір әрекеті немесе әрекетсіздігі;
      2. біз қамтамасыз ететін немесе біз арқылы қамтамасыз етілетін Қызметтердегі немесе Бағдарламалық жасақтамадағы қателер, кемшіліктер, үзілулер, ақаулықтар, тасымалдау ақаулары және кешігулер;
      3. қызметтерді пайдалану, соның ішінде көлік ішінде пайдалану себебінен тиген зақым немесе жарақат;
      4. үшінші тараптардың сізге қарсы жасаған шағымдары; немесе
      5. қызметтердің кідіртілуі немесе тоқтатылуы себебінен немесе біздің себебімізден тиген зақым немесе жарақат.
    5. Заң бойынша тыйым салынбаған жағдайда, біздің немқұрайлығымыз болса да, болмаса да, біз қамтамасыз ететін немесе біз арқылы қамтамасыз етілетін Қызметті сіздің пайдалануыңыздан не пайдалана алмауыңыздан немесе қандай да бір үшінші тараптың пайдалануынан не пайдалана алмауынан туындайтын тікелей емес, арнайы, айыппұлдық, кездейсоқ немесе салдарлық шығындарға не залалдарға, соның ішінде бизнестің не беделдің, түсімнің не табыстың жоғалуына, жарақат алу туралы шағымдарға біз жауапты болмаймыз.
    6. Заңмен барынша рұқсат етілетін шамада, сіз осымен, Қызметті пайдаланудан не оған байланысты түрде тікелей немесе жанама орын алуы мүмкін болған кез келген сипаттағы залалдар (соның ішінде, бірақ бұлармен шектелмей, көліктің зақымдалуы немесе жарақат алу) бойынша қандай да бір ЖЕКЕ НЕМЕСЕ ЗАҢДЫ ТҰЛҒАНЫҢ ШАҒЫМДАРЫНАН ТУЫНДАЙТЫН БАРЛЫҚ ШЫҒЫНДАРДАН, міндеттемелерден, төлемдерден бізді, біздің лауазымды тұлғаларымызды, директорларымызды, қызметкерлерімізді және агенттерімізді босатасыз және қауіпсіздендіресіз. Бұл міндеттеме сіздің бізбен жасаған Келісіміңіз тоқтағаннан кейін де жарамды болып қала береді. Қызметті пайдалану мүмкіндігіңіздің ескеруіне немесе модификацияны қажет етуіне себеп болатын жұмыс, жабдық немесе технология өзгерістеріне жауапты болмаймыз.
    7. БЕЛГІЛІ БІР ЮРИСДИКЦИЯЛАР ТҰСПАЛДЫ КЕПІЛДІКТЕР БОЙЫНША ЖАУАПКЕРШІЛІКТЕН БАС ТАРТУ МӘЛІМДЕМЕЛЕРІНЕ НЕМЕСЕ ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ҚҰРАЛДАРЫНЫҢ ШЕКТЕЛУІНЕ РҰҚСАТ ЕТПЕУІ МҮМКІН. СОНДЫҚТАН, ЖОҒАРЫДАҒЫ ШЕКТЕУЛЕР НЕМЕСЕ АЙРЫҚША ЖАҒДАЙЛАР СІЗ ОРНАЛАСҚАН ОРЫНДА ҚОЛДАНЫЛМАУЫ МҮМКІН. ОСЫ КЕЛІСІМДЕГІ ЗАҢДЫ ҚҰҚЫҚТАРЫҢЫЗ СІЗ ОРНАЛАСҚАН ОРЫНҒА ҚАРАЙ ӘРТҮРЛІ БОЛУЫ МҮМКІН.
  7. ЖАЛПЫ ШАРТТАР
    1. Біз бұл Шарттарды кез келген уақытта өзгертуге құқылымыз. Шарттардағы қандай да бір өзгеріс туралы сізге заң бойынша рұқсат етілетін кез келген әдіспен, соның ішінде электрондық пошта арқылы хабарландыру жібереміз. Шарттарда қандай да бір өзгеріс орын алғаннан кейін өзгертілген Шарттар Қызметке және сіздің Қызметті пайдалануыңызға автоматты түрде қолданылады.
    2. Сізді хабарландырмастан, Қызметке қатынасуыңызды кез келген уақытта кідіртуге, шектеуге және тоқтатуға құқылы боламыз.
    3. Егер қандай да бір себеппен сізге хабарландыру жіберуіміз қажет болса, Қызметке тіркелу кезінде енгізілген электрондық пошта мекенжайы арқылы сізге хабарландыру жібереміз. Егер қандай да бір шағым немесе өзге мәселе бойынша бізге хабарландыру жіберуіңіз немесе бізбен байланысуыңыз қажет болса, movecustomers@tatacommunications.com мекенжайына электрондық хабар жіберіңіз.
    4. Егер қандай да бір сот немесе реттеуші орган тарапынан осы Шарттардың қандай да бір бөлігіне тыйым салынса немесе қандай да бір бөлігі жарамсыз деп танылса, ол бөлік бұл келісімнен шығарылады және өзге бөліктері әрі қарай қолданыла береді.
    5. Шарттар Қазақстан заңдарына сәйкес реттеледі және соларға сәйкес түсіндіріледі және осы Келісімнен не оған байланысты туындайтын біздің арамыздағы барлық даулар мен шағымдар тек Қазақстан соттарының юрисдикциясына сәйкес реттеледі.
    6. Қызмет біз қисынды түрде жүзеге асыруымыз мүмкін болған қандай да бір қолданыс шектеуіне ұшырауы мүмкін.
    7. Егер Шарттардың қандай да бір түрін бұзғаныңыз бізге мәлім болса, Қызметке қатынасуыңызды шектеуге немесе тоқтатуға құқығымыз бар.
    8. Егер осы Шарттар немесе Қызмет туралы қандай да бір сұрағыңыз болса, мына мекенжай бойынша бізбен байланысуыңызға болады: movecustomers@tatacommunications.com.